ЖаңалықтарИнфографика
Тренд

Еділбай тұқымды қойлар Қазақстандағы ет өнімділігі ең жоғары тұқымдардың бірі екенін көрсетті

Еділбай тұқымды қой етінің өнімділігі жоғары екені ғылыми тұрғыда дәлелденгені туралы жаңа деректер алынды. Көпжылдық зерттеулердің нәтижелері еділбай қойларында еттің жұмсақ бөлігінің (мякоти) шығымы 81%-ға жететінін көрсетті, бұл елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады.

Ғылыми-өндірістік зерттеулер 2020–2025 жылдары Жетісу облысы Алакөл ауданына қарасты «Алакөл-Агро» серіктестігі базасында Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары — «ҰАҒБО» КЕАҚ-тың еншілес ұйымы — шаруашылық мамандарымен бірлесіп жүргізді.

Зерттеу аясында отандық және шетелдік тұқымдарға жататын қошқарларды асыл тұқымды және өндірістік саулықтарға жұптастыру сызбалары зерттелді. Ет өнімділігін нақты бағалау мақсатында бордақылау мен жайып семіртудің әртүрлі кезеңдерінде қошқар қозыларға бақылау сойымдары жүргізіліп, ұшалары бөлшектелді.

Әртүрлі генотипке жататын жас қойларға жүргізілген бақылау сойымдары саладағы жетекші сарапшылардың қатысуымен өтті.

Бақылау нәтижелері бойынша еттің жұмсақ бөлігінің жалпы шығымы тұқымдық ерекшелігіне, генотипіне және малдың қоңдылық деңгейіне байланысты 71–81% аралығында болғаны анықталды. Ең жоғары көрсеткіш еділбай тұқымды қойларға тиесілі, яғни, қой құйрық майын (құйрықты) қоса есептегенде 81% болды. Сондай-ақ, осыған ұқсас жағдай (80%-ға дейін) қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойларының аққарабас ішкі тұқымдық түріне жататын малдарда тіркелді.
Ет және жүн-ет бағытындағы будан қойлар — дорпер × оңтүстік қазақстандық меринос және тексель × қазақтың биязы жүнді қойы — еттің жұмсақ бөлігінің шығымын 75–77% деңгейінде қамтамасыз етті.

Зерттеу нәтижелері құйрық майының жеуге жарамды өнім көлемін көбейтіп, ұшаның қоректік құндылығын арттыратынын растады.

Ғалымдардың айтуынша азықтандыру мен күтіп-бағудың оңтайлы жағдайларында құйрықты қой тұқымдары өнімнің жиынтық шығымы бойынша шетелдік мамандандырылған ет бағытындағы кейбір тұқымдардың будандарынан да асып түсуі мүмкін.

Зерттеулердің ғылыми және тәжірибелік маңызы жоғары және оларды Қазақстанда етті қой шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат пен бағдарламаларды қалыптастыру кезінде пайдалануға болады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button