Жаңалықтар
Тренд

Қазақстан мен ЕЭК АӨК саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді: ортақ жобалар мен бизнесті қолдауға басымдық беріледі

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Еуразиялық экономикалық комиссияның өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі алқасының мүшесі (министрі) Гоар Барсегянмен кездесті.

Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін және агроөнеркәсіптік кешен саласында бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Айдарбек Сапаров мемлекеттер арасындағы бірлескен жұмысты күшейту және Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен тұрақты сауда және өндірістік байланыстарын нығайту ерекше маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп және цифрландыру сияқты басым бағыттар бойынша ауқымды өзара іс-қимыл нысандарын дамытуға арналған кешенді жұмыс жүргізілуде. Біз өзара сауданы нығайтып қана қоймай, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін тиімді ынтымақтастық тетіктерін қалыптастыруды мақсат етеміз», — деді министр.

Өз кезегінде Гоар Барсегян салалық органдар арасында сындарлы және достық қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша, келесі кезеңде негізгі бағыттар мен жобаларды айқындап, өзара жұмыстың нақты тетіктерін әзірлеу қажет.

Келіссөздер барысында Еуразиялық экономикалық одақтың бюджеті есебінен бірлескен жобаларды қаржылай қолдау жолдары талқыланды. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің отырысына дайындық мәселелері қаралды.

Кездесу соңында тараптар ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, оның Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыруға ынталы екендерін жеткізді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button