Жаңалықтар
Тренд

Аквашаруашылық саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 2030 жылға дейін 60 млрд теңге тартылады

Аквашаруашылық саласындағы инвестициялық жиынтықтың жалпы құны 60 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Шымкент қаласында өткен алғашқы «AUYL FEST. Балық шаруашылығы» халықаралық фестивалінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.

Аталған бастамаларды іске асыру агроөнеркәсіп кешенінің өндірістік әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа нысандар пайдалануға берілгеннен кейін жыл сайын 30 мың тонна жем және 14 мың тонна балық өндіріледі деп күтілуде.

Серік Сермағамбетов бұл саланың қазірдің өзінде қарқынды дамып отырғанын атап өтті. 2021 жылы басталған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының нәтижесінде еліміздегі осы бағыттағы шаруашылықтар саны екі жарым еседен астам өсіп, 700-ге жетті.

Өндіріс көлемі жылына 9 мың тоннадан 26 мың тоннаға дейін артты. Жеке инвестициялар көлемі де ұлғайды. 2021–2025 жылдары жалпы құны шамамен 26 млрд теңгені құрайтын балық өсіру және өңдеу бойынша 95 жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалардың жалпы өндірістік қуаты жылына 20 мың тоннадан асады, нәтижесінде шамамен 1200 жұмыс орны ашылды.

Саланың негізгі даму тетігі — «Аквашаруашылық туралы» заң аясында көрсетілетін мемлекеттік қолдау.
Атап айтқанда, жем сатып алу шығындарының 30 пайызы өтеледі, ал балық шабағын, дәрілік заттарды және аналық қорды сатып алу шығындарының 50 пайызы субсидияланады. Сонымен қатар, жем өндіру зауыттарын, тоған шаруашылықтарын, тұйық су айналымы жүйелерін және балық өсіру орындарын құру немесе кеңейту кезіндегі инвестициялық шығындардың 25 пайызы өтеледі, сондай-ақ ұңғымалар бұрғылау шығындарының 50 пайызы жабылады.

2024–2025 жылдары аквашаруашылық саласындағы 10 кәсіпкерлік нысан жалпы сомасы 5,7 млрд теңге көлемінде несие алды.

«Биыл министрлік аквашаруашылық субъектілеріне айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5 пайызбен 18 айға дейін, ал инвестициялық жобалар үшін 6 пайызбен несие беру бағдарламасын енгізуде. Жақын уақытта бұл бағдарлама іске қосылады», — деді комитет төрағасы.

Айта кету керек, Шымкенттегі форум алаңы Норвегия, Жапония, АҚШ, Қытай және басқа да елдердің жетекші сарапшыларын біріктірді. Қатысушылар 2030 жылға дейін межеленген мақсаттарға жету үшін жаңа технологияларды енгізу және инвестиция тарту мәселелерін талқылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button