
«Қазақстан темір жолы» АҚ деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы сәуірге дейінгі маркетингтік жылдың басынан бері Қазақстан 11,1 млн тонна астық және астық баламасындағы ұн экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (9,8 млн тонна) 13%-ға артық.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, экспорт көлемінің өсуі дәстүрлі өткізу нарықтарындағы ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген тұрақты сұранысқа, сондай-ақ тиімді логистика мен саланы мемлекеттік қолдау шараларына байланысты.
Негізгі бағыттар бойынша жеткізілімдердің айтарлықтай өсуі байқалады.
Атап айтқанда, Өзбекстанға астық экспорты 13,8%-ға өсіп, 8,2 млн тоннадан 9,3 млн тоннаға жетті. Қырғызстанға экспорт 1,6 есеге артып, 278 мың тоннадан 440 мың тоннаға дейін ұлғайды. Ауғанстанға жеткізілімдер 51%-ға өсіп, 1,2 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға жетті. Түрікменстанға экспорт 1,5 есеге артып, 123 мың тоннадан 183 мың тоннаға дейін көбейді.
— Оң динамика қазақстандық астықтың сыртқы нарықтардағы жоғары бәсекеге қабілеттілігін және елдің өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жетекші экспорттаушыларының бірі ретіндегі позициясының нығаюын көрсетеді, — делінген хабарламада.
Жеткізілім географиясын кеңейту, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және өнімнің қосылған құнын арттыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.



