Қазақстанның Премьер-Министрі «Қарапайым заттар экономикасындағы» жаңашылдықтар туралы айтты
Қазақстанда төрт жылдан астам уақыттан бері «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы іске асырылып келеді. Бұл өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірісті қолдауға бағытталған. Оның басты мақсаты – ішкі нарықты отандық тұтыну тауарларымен толықтыру.
Бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетті. 2019-2021 жылдары оған қатысушылар 5,3 трлн теңгенің өнімін өндіріп, 13 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Жалпы, жоба 2019-2022 жылдары іске асырылғалы бері «субсидиялау» құралы бойынша несие портфелінің құны 1 трлн теңгеден асатын 3 мың бизнес-жобаға, ал «кепілдік» құралы бойынша 100 млрд теңгеден астам кепілдік сомасына 422 жобаға қолдау көрсетілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қолданыс аясын кеңейтетін қаулы қабылдады. Осылайша, ол отандық бизнес үшін бұдан да қолжетімді болады.
Бұған дейін жеңілдетілген несиелеу және қаржылық лизингке қолжетімді тауарлар тізімі 151 санатты қамтыса, енді бұл тізім тағы да 116 өнім түрімен толықтырылды. Бұл кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, резеңке шиналар, шиналар мен камералар, керамикалық бұйымдар, жасанды және синтетикалық талшықтар, сым жасау, силикат кірпіш, былғарыдан жасалған бұйымдар, бас киімдер өндірісі бағдарламаға енгізілген.
Сонымен қоса «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау мерзімі 7 жылды құрайтын экономиканың басым 20 секторының тізбесі айқындалды. Қазір негізгі субсидиялау мерзімі – 5 жыл. Олардың қатарына сүтті мал тұқымдарын өсіру, құс шаруашылығы, ет өңдеу және консервілеу, сүт өңдеу және ірімшік жасау, сондай-ақ әртүрлі қағаз өнімдері, тыңайтқыштар, пестицидтер, бояулар, лактар мен эмальдар, фармацевтикалық препараттар және т. б. жатады.
Қазақстандық бизнестің мемлекеттік қолдаудың әртүрлі шараларына қол жеткізуі оның позициясын нығайтады, оның ішінде отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттырады деп сенемін.