Жаңалықтар
Тренд

«Дала күні – 2026» аясында заманауи цифрлық шешімдер таныстырылды

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында агроөнеркәсіптік өндірісте цифрлық технологияларды енгізу және аграрлық секторда инновациялық шешімдерді дамытуға арналған «Дала күні – 2026» республикалық семинар-кеңес өтті.

Іс-шараға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, агробизнес өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, халықаралық ұйымдар мен фермерлік шаруашылықтардың өкілдері қатысты.

Шара институттың демонстрациялық алқаптарын аралаудан басталды. Қатысушыларға ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары, заманауи суару жүйелері, егістіктерді мониторингтеу цифрлық платформалары, дәлме-дәл егіншілік технологиялары, сондай-ақ селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы соңғы әзірлемелер таныстырылды. Сондай-ақ тәжірибе жүзінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын, топырақ пен ылғалдылық жағдайын бақылау құралдарын, өсімдіктердің дамуын нақты уақыт режимінде талдау және болжауға арналған цифрлық жүйелерді қолдану мүмкіндіктері көрсетілді.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Азат Сұлтанов цифрлық мониторингті, автоматтандырылған басқару жүйелерін және дәлме-дәл егіншілік технологияларын дамыту мемлекеттік аграрлық саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған байланысты бүгінгі Дала күніне арналған «Агроөндірістегі цифрлық технологиялар – тұрақты дамудың негізі» тақырыбы ерекше өзектілікке ие болып отыр. Бүгін ауыл шаруашылығының дамуын аграрлық ғылым мен заманауи цифрлық шешімдердің жетістіктерінсіз елестету мүмкін емес. Дәл осы екеуінің ықпалдасуы өндіріс тиімділігін арттырудың, саланы климаттық өзгерістерге бейімдеудің, табиғи ресурстарды сақтаудың және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шартына айналуда», – деді вице-министр.

Цифрлық технологиялар аграрлық сектордың ажырамас бөлігіне айналды. GPS-навигациясы бар ауыл шаруашылығы техникалары, егістік алқаптарының электрондық карталары, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын саралап енгізу жүйелері сияқты дәлме-дәл егіншілік элементтері белсенді түрде енгізілуде. Сондай-ақ егістіктердің жағдайын жедел бағалауға, өнімділікті болжауға және тәуекелдерді уақтылы анықтауға мүмкіндік беретін қашықтан зондтау және спутниктік мониторинг технологиялары кеңінен қолданылуда.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын бақылауда ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану, құрылғылар мен өндірістік процестерді автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Мал шаруашылығында жануарларды электронды сәйкестендіру, цифрлық есеп жүргізу және табын өнімділігін мониторингтеу технологиялары табысты қолданылуда.

650-ден астам агрокәсіпорын өз өндірістік қызметінде цифрлық технологияларды пайдаланады. Цифрландыруды одан әрі ынталандыру үшін Министрлік мемлекеттік қолдау шараларын қарастырған. Инвестициялық субсидиялау аясында цифрлық басқару жүйелерімен жабдықталған ауыл шаруашылығы техникаларын, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алуға кеткен шығындардың бір бөлігі өтеледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жасанды интеллект технологияларын қоса алғанда, инновациялық шешімдерді енгізуді мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну өлшемдерінің бірі ретінде қарастыру пысықталуда.

Аграрлық ғылымды цифрлық трансформациялау, жер ресурстарын басқарудың ақпараттық жүйесін құру жұмыстары жалғасуда.
Семинарға қатысушылар агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі цифрландыру перспективаларын, ауыл шаруашылығы үшін отандық цифрлық платформаларды дамыту, өндірістік процестерге жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау технологияларын енгізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ ғылым, бизнес және мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды күшейту арқылы инновациялық шешімдерді жедел енгізу және отандық агроөндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше назар аударылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button