
Астанада мал шаруашылығы және ветеринария саласының үздік өкілдерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Отандық мал шаруашылығы мен ветеринарияны дамытуға, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан сала қызметкерлері, агроқұрылымдардың қызметкерлері және агроөнеркәсіп кешенінің ардагерлері ведомстволық марапаттармен және «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.
Отандық мал шаруашылығын дамытуға сіңірген еңбегі мен көпжылдық адал қызметі үшін саланың 17 өкілі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Жамбыл облысының зоотехнигі Нұрмахан Егембердиев, Қарағанды облысының механизаторы Нұрлан Исабеков, Павлодар облысының малшысы Александр Аслонов және Ұлытау облысының малшысы Амиржан Аманов бар.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ведомстволық марапаттар мен «Құрмет» грамоталарын табыстады.
Айдарбек Сапаров өз сөзінде мал шаруашылығы мен ветеринария агроөнеркәсіп кешенінің стратегиялық маңызы бар бағыттары екенін атап өтті. Бұл салалар мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға зор үлес қосып келеді.
«Сіздердің еңбектеріңіз үлкен жауапкершілік пен іске деген адалдықты талап етеді. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында еліміздегі эпизоотиялық тұрақтылық қамтамасыз етіліп, мал басы сақталып, азық-түлік қауіпсіздігі нығайып келеді. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамытуға және жаңа буын мамандарын тәрбиелеуге зор үлес қосқан сала ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін», – деді министр.
«Еңбек ардагері» медалімен саланың 24 ардагері марапатталды. Олардың қатарында Ақмола облысының малшысы Любовь Барсукова мен Жетісу облысының малшысы Бегалы Есалинов бар. Ал «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен 20 қызметкер марапатталды. Олардың қатарында Жетісу облысының малшысы Жанар Шаншарбаева мен Батыс Қазақстан облысының шопаны Болат Тәжімов бар.
Мал шаруашылығы және ветеринария саласының үздік өкілдерін марапаттау өңірлерде де жалғасады.



