«ҚазАгроҚаржы» жарты жыл ішінде ауыл шаруашылығы техникасының лизинг көлемін екі есеге арттырды

Қазақстандық аграршылар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы құны 251 млрд теңгеге жуық ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш. Мұндай деректерді «ҚазАгроҚаржы» АҚ (ҚАҚ) 2026 жылдың алғашқы алты айындағы жұмыс қорытындысын шығара отырып ұсынды.
Екі есеге жуық өсім
2026 жылдың қаңтар–маусым айлары аралығында компания 250,5 млрд теңге сомасына лизинг шарттарын жасасты. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 126,6 млрд теңгені құраған.
Осылайша, лизинг көлемі екі есеге жуық өсіп, компания жоспарлы көрсеткіштерді орындап қана қоймай, олардан едәуір асып түсті.
Көшбасшы өңірлер
Қаржыландырылған өтінімдер көлемі бойынша алғашқы үштікке мыналар кірді:
Солтүстік Қазақстан облысы – 53,6 млрд теңге;
Қостанай облысы – 44,3 млрд теңге;
Ақмола облысы – 40,1 млрд теңге.
Бұл өңірлер еліміздің ірі астық егетін аймақтары болып табылады, сондықтан ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартудағы үлесінің жоғары болуы заңды құбылыс.
Лизингке берілген техниканың негізгі бөлігі – жалпы құны 209,1 млрд теңгені құрайтын 6 381 бірлік техника – жылдық 5%-дық жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында рәсімделді. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында ең сұранысқа ие бағдарлама болып отыр.
Сондай-ақ келесі бағдарламалар бойынша қаржыландыру жүзеге асырылды:
«Агролизинг» (12,6%) – 34,6 млрд теңгеге 1 189 бірлік техника;
«Қазақстанда жасалған» (6%) – 4,4 млрд теңгеге 146 бірлік техника;
«6%-дық жеңілдетілген лизинг» – 2,4 млрд теңгеге 51 бірлік техника;
«Өз жемшөбің» (6%) – 16,2 млн теңгеге 2 бірлік техника.
«Мұндай өсім кездейсоқ нәтиже емес, бұл еліміздің барлық өңірлеріндегі фермерлермен жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі. Жеңілдетілген бағдарламалардың аграршылардың техника паркін жаңартуға деген қажеттілігін нақты өтеп отырғанын көріп отырмыз және екінші жартыжылдықта қаржыландыру көлемін одан әрі арттыруды жоспарлап отырмыз», – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма Төрағасының Орынбасары Еркебулан Жумжаев.
Жартыжылдық қорытындысы бойынша ҚАҚ қызметін 3 931 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші пайдаланды.
Олардың қатарында шағын шаруа қожалықтары да, ірі агроқұрылымдар да бар.
Сонымен қатар сұраныс өсуді жалғастыруда. Жыл басынан бері компанияға жалпы құны 311,5 млрд теңгеге және шамамен 9 мың бірлік техникаға өтінімдер түсті. Құны 35,9 млрд теңгені құрайтын тағы 859 бірлік техника бойынша өтінімдер мақұлданып, келісімшарттарды рәсімдеуді күтуде. Ал жалпы сомасы 25 млрд теңгені құрайтын өтінімдер қазіргі уақытта қаралу үстінде.
Бұл көрсеткіштер екінші жартыжылдықта компанияның жаңа рекордтарға қол жеткізуіне мүмкіндік беретінін көрсетеді.



