Жаңалықтар
Тренд

Қазақстан «Бүкілресейлік егіс күні – 2026» көрмесінде өсімдік шаруашылығы мен кооперацияны дамытуға бағытталған бастамаларын ұсынды

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің делегациясы Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде өткен «Бүкілресейлік егіс күні – 2026» халықаралық агроөнеркәсіптік көрмесіне қатысты.

Іс-шара Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресейдің мемлекеттік органдарының, ғылыми қауымдастықтың, бизнес өкілдерінің және ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің басын қосты. Қатысушылар агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту бағыттарын, заманауи технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Іскерлік бағдарламаның негізгі іс-шарасы «ЕАЭО-дағы кооперация – өсімдік шаруашылығын дамытудың қосымша құралы» тақырыбындағы дөңгелек үстел болды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков Қазақстандағы саланың даму нәтижелерін таныстырып, соңғы екі жылда еліміздің айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Оның айтуынша, дәнді дақылдардың түсімі 26 млн тонна деңгейінде сақталып отыр, ал майлы дақылдардың жалпы өнімі тарихтағы ең жоғары деңгейге – 4,9 млн тоннаға жетті.

Сәкен Қаныбеков өз сөзінде бірлескен селекциялық жұмыстар мен тұқым шаруашылығын дамыту мәселелеріне ерекше тоқталды. Ол ЕАЭО елдерінің ғылыми ұйымдары қант қызылшасының селекциясы мен тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Сонымен қатар Қазақстан Ресей Федерациясымен өндірістік кооперацияны кеңейтуге бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды. Олардың қатарында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ қатысуымен Ресей аумағында астық терминалын салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ жаңа жылыжай кешендерін салу көзделген.

Қазақстандық делегацияның халықаралық көрмеге қатысуы еліміздің ЕАЭО аясындағы ғылыми, технологиялық және өндірістік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Бірлескен жобаларды іске асыру, ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарының бірыңғай тізілімін қалыптастыру және кооперациялық бастамаларды қаржылық қолдау тетіктерін жетілдіру ортақ аграрлық нарықтағы кедергілерді азайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Одаққа мүше мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button