Жаңалықтар
Тренд

Қазақстан мен Қытай биопестицидтерді бірлесіп әзірлеуге кірісті

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі уағдаластықтарын іске асыру аясында Қазақстан мен Қытай өсімдіктерді биологиялық қорғау саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға кірісті.

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесі, Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты және Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Өсімдіктерді қорғау институты өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға қол қойды.

Құжат заманауи биопестицидтерді бірлесіп әзірлеуді, озық технологиялар трансфертін жүзеге асыруды, Қазақстанда өсімдіктерді биологиялық қорғау құралдарының өндірісін жергіліктендіруді, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлауды мақсат етеді.

Меморандумға Қазақстанға Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Өсімдіктерді қорғау институты, Қытай ауыл шаруашылығы университеті (CAU) және Zhongbao компаниясы делегациясының сапары аясында қол қойылды.

Тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, өсімдіктерді қорғауға арналған жаңа биологиялық құралдарды әзірлеп, сынақтан өткізуді, ғылыми әзірлемелер мен технологиялар алмасуды, академиялық ұтқырлық пен кадрлар даярлау бағдарламаларын іске асыруды, сондай-ақ перспективалы ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға жәрдемдесуді жоспарлап отыр.

Ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі Қазақстан аумағында заманауи биопестицидтер өндірісін жолға қоюға жағдай жасау. Жобаны іске асыру экологиялық қауіпсіз өсімдік қорғау құралдарын қолдану аясын кеңейтуге, импортқа тәуелділікті төмендетуге, отандық агроөнеркәсіптік кешенге инновациялық шешімдерді жедел енгізуге және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Қытайдың жетекші ғалымдары мен сарапшыларын біріктірген «Зиянды организмдерді басқару жүйесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар барысында өсімдіктерді интеграцияланған қорғаудың заманауи тәсілдері, зиянкестермен күрестің биологиялық әдістерін дамыту перспективалары, фитосанитариялық ахуалды мониторингтеудің инновациялық технологияларын енгізу, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру тетіктері талқыланды.

Сапар аясында Қытай делегациясы қазақстандық ғылыми ұйымдардың қызметімен танысып, аса қауіпті зиянды организмдерге мониторинг жүргізудің заманауи технологияларын зерделеп, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button