Абай облысында жылқының жаңа түрі пайда болды
Абай облысының Бесқарағай ауданында қазақы жылқының «Бесқарағай» аталатын жаңа түрі пайда болды, — деп хабарлайды basagro.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Шойынқара және Байторы деген атау берілген қылқұйрықтылардың ерекшелігі, бойы биік, етті әрі сүтті, кез келген ауа райына төзімді. Мініске де, жегіске де шыдамды. Көкпарға да салуға болады екен.
«Ең алғаш жылқы қазақ жерінде үйретілген деп мақтанамыз. Түрікмендерде ақал теке бар, арабтардың таза қанды тұлпары бар. «Біз кімнен кембіз? Бізде неге осындай асылтұқымды жылқы болмасқа?» деген ой мені көптен бері мазалап жүретін. Сол арманға 40 жылдан кейін қол жетті. Былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігінен мемлекеттік комиссия келіп, қазақы жылқының жаңа типін апробациядан өткізді. «Еліміздегі өзге жылқы тұқымдарынан өнімділігі 25 процентке жоғары» деп жақсы баға берді» дейді Бесқарағайдағы асылтұқымды жылқы зауытының жетекшісі Хабидулла Мукинов.
Мұғалжар мен Қаба жылқыларын будандастыру негізінде дүниеге келген Бесқарағай жылқысының басты өзгешелігі, ірілігінде. Тебіндегі айғырлары 700, биелері 600 келіге дейін тартады.
«Бұл — еліміздің жылқы шаруашылығы саласындағы зор жетістік. Сенсация деуге болады. Тәуелсіздіктің 30 жылында қазақы жылқы типі алғаш рет шығарылып отыр. Жылқы болғанда қандай? Нағыз ұялмай көрсетуге болады. Бойының биіктігі 150 сантиметр, кеуде орамы 185 сантиметр. Бұл — жайылымда жүргендері. Бордақыға қойса салмағы бір тоннаға дейін жетуі әбден мүмкін» дейді жылқытанушы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Н.Базанова атындағы Физиология, морфология және биохимия кафедрасының меңгерушісі Қайрат Исхан.
Бұған дейін елімізде қазақ жылқысының Жабы, Көшім, Мұғалжар және Қостанай секілді төрт тұқымы бар болатын. Енді міне, солардың қатарына Бесқарағай жылқы типі қосылды.