Жаңалықтар

Ақсуат ауданында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 34,3 млрд теңгені құрады

Ақсуат ауданында Абай облысындағы барлық ірі қара малының 15 пайызы, қой-ешкінің 17 пайызы өсіріледі, деп хабарлайды basagro.kz.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Асхат Смаилов атап өткендей, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен 2 ЖШС, 1238 шаруа қожалығы және тұрғындардың 4736 шаруашылығы айналысады. Олардағы ірі қара малының саны 108,1 мың басқа, қой мен ешкі 181,6 мың басқа, жылқы 26,5 мың басқа жетіп, тиісінше өткен жылмен салыстырғанда ірі қара бойынша өсім 107%-ды, қой-ешкі бойынша 104%-ды, жылқы бойынша 115%-ды құраған.

— 2022 жылы аудан бойынша 14 мың тонна ет, 79 мың тонна сүт, 2 млн 163 мың дана жұмыртқа өндірілді. 75 асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықта асыл тұқымды ірі қара саны 27410 басқа, қой 75456 басқа, жылқы 1788 басқа жетті,- деді аудан әкімі.

Ауданда 50 бастан 4000 басқа дейін бұқашық бордақылайтын 11 мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр. Бордақыланған ірі қара малдардың еті аудандағы және облыстағы өткізілетін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен өтетін жәрмеңкелерде халыққа тиімді бағада сатылып, еліміздің басқа да қалаларында тірідей және еттей саудаланады.

— 2022 жылы Ақсуат ауылында 35 рет, Семей, Алматы, Астана қалаларында 1 реттен, жиыны 38 мәрте жәрмеңке өткізіліп, онда 137,4 млн теңгенің мал өнімдері саудаланды. Биылғы жылдың 2 айында 5 рет жәрмеңке өткізіліп, 8,1 млн теңгенің өнімдері саудаланды,- деді Асхат Смаилов.

Күзгі егін жинау жұмыстары бойынша 1107 тонна дәнді-дақыл, 4700 тонна картоп, 4100 тонна көкөніс, 6000 тонна бақшалық өнімдер жиналған.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button