Ақтөбе облысы жылыжай көкөністерінің өндірісін ұлғайтуда
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Хромтау ауданына жұмыс сапары аясында Тассай ауылында болып, 2022 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген жаңа жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Жобаның жалпы құны — 65 млн теңге, оның 55 млн теңгесі – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мемлекеттік компаниясы арқылы алынған, деп хабарлайды basagro.kz.
«Жылыжай ашу туралы көптен бері ойланып жүрдім. Үйімнің ауласында бау-бақша болды. Содан кейін кеңейтуді, кәсіп ашуды көздеп жүріп, қаржы көздерін таптым. Жылыжай құрылысын 2022 жылдың қыркүйек айында бастадық. Қазіргі уақытта кешен толықтай инженерлік құрылымдармен – газ, сумен қамтамасыз етілді. Әзірге 4 адам жұмыс істейді. Әзірге қияр мен пияз отырғызылды. Егілген көкөніс шыққан кезде жұмысшылар санын көбейтеміз», — деді кешен директоры Елдар Ерғалиев.
Тассай ауылдық округі «Ауыл аманаты» жобасының бірінші кезеңіне қатысушылардың қатарына енген жоқ. Ауылдық округ әкімі Ербол Әбдіров бұл жобаға қатысу жылыжай аумағын 1 гектарға дейін кеңейтуге мүмкіндік беретінін, өндірісті өнеркәсіптік деңгейге шығаратынын атап өтті. Сонымен қатар, оның сөзінше, ауылдың басқа тұрғындары да «Ауыл аманатына» қатысқысы келеді екен.
«Біз скрининг жүргіздік, оған сәйкес 39 отбасы 240 млн. теңгеге жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр, оның ішінде 7 үміткер қажетті құжаттарды жинады – бұл өсімдік және құс шаруашылығы жобалары. Ауылымыз «Ауыл аманаты» жобасына енген жоқ, алдағы уақытта қосуды сұраймыз. Осы жаңа жылыжайды кеңейту үшін де жоба қажет», — деді Ербол Әбдіров.
Өңір басшысы жылыжай көкөністері шаруашылығын дамыту – жұмыстың басым бағыттарының бірі екенін алға тартты. Өйткені бұл облыс тұрғындарын жыл бойы жергілікті көкөніс өнімдерімен қамтуға мүмкіндік береді және маусымаралық кезеңде импортқа тәуелділікті төмендетеді.
«Ауыл аманаты» жобасына қосымша 3,5 млрд. теңге бөлінді. Жұмыс істеуге дайын адамдарды қолдап, қосуымыз керек. Оның ішінде бұл ауылда да енгізу қажет», — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар, облыс әкімі Хромтау ауданының ірі ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерінің бірі «Алтын дән және К» ЖШС қызметімен танысты. Серіктестік биыл 11 мың гектар астық еккен, 11,7 мың гектар жайылымдық жері бар. 20 адам жұмыспен қамтылған.
«Шаруашылыққа 20 жыл болды. Алғашында 200 гектар және екі жұмысшыдан бастадық. Қазір барлығына жұмыс бар. Тек мүмкіндікті пайдалану білу керек. Мемлекет бизнесті дамытуға аз пайызбен несиелер береді, осы тиімді қаржы көздерінің арқасында біз көп нәрсеге қол жеткіздік. Ең бастысы – жалқау болмау және жұмыс істеу», — деді ЖШС басшысы Нұрлан Есенов.