Жаңалықтар

АШМ мамандары залалданған өнімдерді жою жұмысын жүргізді

Фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласы бойынша ҚР АШМ АӨК Мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекциясы сертификатсыз және карантинге жатқызылған өнімді жойды. Өсімдік Kazecotech ҒТП аумағында өртелді,деп BasAgro.kz хабарайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар Ресейден әкелінген декоративті өсімдіктердің тиісті сертификатсыз және залалданған екі жағдайын анықтап, алғашқысынан 8, соңғысынан 86 таңқурай мен магнолия көшеттерінің тасымалдануын шектеді. Мамандар сертификатталмаған өнімді елордаға әкелуге тыйым салды. Сондай-ақ аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 400-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, өсімдік иелеріне жалпы сомасы 40 АЕК көлемінде немесе 285 680 теңгеге айыппұл салынды.

Сонымен қатар, мемлекеттік инспекторлар батыс гүл трипсімен ластанып, карантинге жатқызылған Нидерландыдан шыққан 660 дана қалампырды анықтады. ӘҚБтК-нің 400-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен өнім иесіне 72 450 теңге айыппұл салынды.

Гүлді трипс өсімдіктердің 250-ден астам, яғни түрлі жемістерге, көкөністер мен гүлдерге зиян келтіретінін атап өту маңызды. Зиянкестер өсімдік жасушасының шырынымен қоректенеді, тараған кезде өсімдіктің жаппай қурап, өлуіне әкеледі. Сонымен қатар, гүлді трипс қауіпті қызанақ вирусының тасымалдаушысы болып табылады, бірақ адам денсаулығына қауіп төндірмейді.

Айта кетейік, Қазақстанға келетін импорттық бақылаудағы өнімдер жіберуші елдің фитосанитарлық сертификатымен бірге болуы керек. Бұл құжат карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік фитосанитариялық жай-күйін куәландырады, сондай-ақ өнімнің карантиндік объектілерден бос аймақтар мен аумақтардан өндірілгенін растайды.

2023 жылы елордалық мемлекеттік инспекторлар фитосанитариялық талаптарды бұзудың 282 фактісін анықтады. Оның ішінде карантиндік объектілермен ластанған өнімдердің 16 жағдайы бар. Барлық анықталған фактілер бойынша өнімдер өртеу тәсілімен жойылып, жалпы сомасы 23,9 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button