Жаңалықтар

Атырау облысында 19 мың тонна көкөніс сақтайтын екі қойма салынады

Атырау облысында 19 мың тонна көкөніс сақтайтын екі қойма салынады, деп хабарлайды basagro.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, оның ішінде көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында кешенді шаралар қолға алынған. Атырау облысының тұрақтандыру қорына 3,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржының 2,9 млрд теңгесі кәсіпкерлерге айналым схемасымен және форвардтық келісімшарттар арқылы берілген.

«Өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 1,8 млрд теңге беріліп отыр. Бұл бөлінген қаржының 62 пайызын құрайды. Қаражатқа 9,5 мың тонна ауылшаруашылық өнімі сатып алынды. Әлеуметтік маңызы бар өнімдер тұтынушыға нарықтағыдан 15-20% төмен бағамен сатылды. Қазір тұрақтандыру қорының қалған қаражатына Қазақстанның басқа өңірлерінен және шетелден оңтайлы бағамен көкөніс өнімдерін жеткізуге келісімшарттар пысықталып жатыр», — дейді Серік Шәпкенов.

Әкімнің айтуына қарағанда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар жобалар іске асырылуда. Биыл Махамбет ауданында 4 гектар аумаққа жаңа үлгіде салынған жылыжай кешені іске қосылды. Жыл соңына дейін аумағы 5,6 гектар болатын тағы бір жылыжай кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ айналым схемасы есебінен көкөніс өнімдерінің алқабы 160-тан 300 гектарға дейін ұлғайтылған.

«Қазір Атырау облысында 26 көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Биыл жылыжайлардың жұмысына зерделеу жүргізілді. Климаттық бақылау жүйелерімен жабдықталған 10 қойма іріктеліп, есепке алынды. Енді жалпы сыйымдылығы 19 мың тоннаны құрайтын көкөніс қоймаларын салу бойынша екі инвестициялық жоба қарастырылып отыр. Осы екі жобаны іске асыру қоймалар сыйымдылығын 62,6% арттыруға мүмкіндік береді», — дейді Серік Шәпкенов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button