Ауыл шаруашылығы дамуында нақты нәтиже жоқ — Тоқаев
Еліміздің президенті соңғы 15 жылда азық-түлік бағасының бұрынғыдан да қымбаттағанын айтты. Оның сөзінше, биыл ақпан айында инфляция 21,3 пайызды құрап, шарықтау шегіне жеткен, деп хабарлайды basagro.kz.
«Соңғы 15 жылда азық-түлік бағасының қымбаттағанының куәсі болып отырмыз. Биыл ақпан айында инфляция 21,3%-ды құрап, шарықтау шегіне жетті. Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар мемлекет басшысы бұл мәселеге байланысты ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ екенін атап өтті.
«Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз»,– деді мемлекет басшысы.