Иран қазақстандық астықты жеткізу көлемін ұлғайтуға мүдделі
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Fawakeh Trading Company» инвестициялық компаниясының бас директоры Хассан Хейдаринассабпен кездесті. Министр 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық саласында оң нәтижелер байқалғанын атап өтті. Соңғы бірнеше жылда алғаш рет қазақстандық астық экспорты 30 есеге өсіп, шамамен 500 мың тоннаны құрады.
«Иранға астық жеткізу қайта басталды. Біз Иран бизнесіне жан — жақты қолдау көрсетуге және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейту үшін барлық жағдай жасауға дайынбыз», — деді Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Хассан Хейдаринассаб жыл сайын астық импортын 3 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Азық-түлік корпорациясы ирандық инвесторлардың серіктесі бола алады.
Мемлекеттік астық операторы бидай, арпа, зығыр, рапс, жасымық, бұршақ, сондай-ақ оларды қайта өңдеу өнімдерін қоса алғанда, қазақстандық агроөнімдердің кең желісін жеткізуді ұйымдастыру бойынша барлық мүмкіндіктерге ие. Азық-түлік корпорациясы сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерін шетелге жіберу үшін жеке ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тартуда үлкен тәжірибеге ие және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға дайын.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар АӨК саласындағы өзара тиімді сауда ынтымақтастығын одан әрі дамыту жөнінде бірлескен ұсыныстар әзірлеуге келісті.
Иран Ислам Республикасы қазақстандық астықтың, бидайдың да, арпаның да дәстүрлі өткізу нарығы болып табылады.
Қазақстан қолайлы нарықтық конъюнктурамен астықты тұрақты және ауқымды экспорттық жеткізуді жүзеге асыра алады.
Иранға қазақстандық экспорттың негізгі тауарларының ішінде агроөнеркәсіптік сектордың өнімдері басым, атап айтқанда арпа, күнжара және басқа да қатты қалдықтар, қой немесе ешкі еті, жүгері және т.б.