ЖаңалықтарМақала
Тренд

Жетісу облысында дәнді дақылдардың өнімділігін арттырудың заманауи технологиялары талқыланды

Жетісу облысының Ескелді ауданында «Бірлік» өндірістік кооперативінің базасында «Дәнді дақылдардың жоғары өнімді егістіктерін қалыптастыруға арналған заманауи технологиялар» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Іс-шара озық агротехнологияларды кеңінен тарату, тәжірибе алмасу және ғылым, мемлекеттік органдар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, ғалымдар, аграрлық ғылым саласының мамандары, салалық ұйымдар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.

Қатысушылар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды енгізу ғылым, мемлекет және бизнес арасындағы тығыз өзара іс-қимылды талап ететінін атап өтті.

Семинардың тәжірибелік бөлімі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудегі заманауи технологияларды таныстыруға арналды. Онда дәнді дақылдарды өсіруде ғылыми негізделген тәсілдерді қолданудың, суармалы жерлерді ұтымды пайдаланудың және су ресурстарын тиімді басқарудың нәтижелері көрсетілді.

Суармалы жерлерде жылына екі рет өнім алу технологиясына ерекше назар аударылды. Мамандар ауыл шаруашылығы дақылдарының ерте пісетін сорттарын пайдалану және агротехникалық іс-шараларды оңтайландыру мүмкіндіктерін таныстырып, олардың егістік жерлерін пайдалану тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетті.

Ғылыми әзірлемелерді табысты енгізудің жарқын үлгісі ретінде «Бірлік» өндірістік кооперативінің тәжірибесі таныстырылды. Ғылыми қолдау жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің арқасында шаруашылық күздік дақылдардың өнімділігін жыл сайын арттырып келеді. Биыл бұл көрсеткіш гектарына 100 центнерден асты.

Егістік алқаптарын аралау барысында қатысушыларға су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи суару әдістері, оның ішінде импульстік суару технологиялары көрсетілді. Сондай-ақ пісу мерзімі әртүрлі гибридтерді қолдану арқылы жүгері өсіру тәсілдері қарастырылды. Бұл технология вегетациялық кезең ішінде су көздеріне түсетін жүктемені неғұрлым ұтымды бөлуге мүмкіндік береді. Мамандардың бағалауынша, аталған технологияны қолдану су ресурстарын 40 пайызға дейін үнемдеуді қамтамасыз етеді.

Семинар қатысушылары органикалық егіншілікті дамыту, өсімдік шаруашылығын цифрландыру, суармалы жерлердің өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылығы өндірісін қазіргі климаттық әрі су шаруашылығы саласындағы сын-қатерлерге бейімдеу мәселелеріне де ерекше көңіл бөлді.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ұсынылған тәжірибені жан-жақты зерделеп, оны еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде енгізу және кеңінен тарату бағытындағы жұмысты жалғастыруға ниет білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button