
ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Маңғыстау облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаментінің талап-арызы негізінде сот Ақтау қаласындағы Каспий теңізінің жағалауында орналасқан, жалпы ауданы 5,9 гектар коммерциялық мақсаттағы жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.
Департамент жүргізген жоспардан тыс тексеру кезінде жер учаскелерін беру барысында заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, жер учаскелері сауда-саттық өткізілмей берілген.
Осы заңбұзушылықтарды жою үшін департамент Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы талап-арыз берді.
Сот істі қарау нәтижесінде департаменттің талаптарын қанағаттандырды. Осылайша, коммерциялық мақсаттағы жалпы ауданы 5,9 гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Министрлік жер заңнамасының сақталуын бақылау және мемлекет мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.



