
Қазақстанның балмұздақ нарығы 2025 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, отандық тамақ өнеркәсібінің қарқынды дамуын және елдің экспорттық әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдеді.
Қазақстан Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы және салалық сарапшылардың деректеріне қарағанда, балмұздақ өндірісінің көлемі 63,2 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артты. Бұл 2000 жылдардың басынан бергі алғашқы жоғарғы көрсеткіш.
Ерекше атап өтерлігі Қазақстан тарихта алғаш рет балмұздақтың нетто-экспорттаушысы мәртебесіне ие болды. Жыл қорытындысы бойынша экспорт көлемі 36,8%-ға артып, 14,2 мың тоннаны құрады және импорт көрсеткішінен асып түсті. Қазақстандық балмұздақтар негізінен Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне экспортталады.
Сонымен қатар импорт көлемі төмендеуде. Мәселен, 2025 жылы балмұздақ импорты 5,1%-ға қысқарып, 12,2 мың тоннаға дейін азайды. Бұл отандық өндірушілердің сыртқы нарықта бәсекеге қабілеттілігі артып, ішкі нарықта позициясының нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Қарқынды өсім биылғы жылы да сақталуда. Қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша балмұздақ өндірісі бірден 58,6%-ға өсіп, 14 566 тоннаға жетті. Бұл өндірістің жыл санап нығайып келе жатқанын, ішкі және сыртқы нарықтарда өнімге деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Аталған саланың негізгі қозғаушысы «Шин-Лайн» компаниясы деуге болады, ол Қазақстандағы балмұздақ экспортының 95%-ына дейін қамтиды. Бүгінде Шин-Лайн ТМД елдері арасындағы балмұздақ өндірушілер арасында 4-орында. Өткен жылдың қорытындысы бойынша компанияның экспортты 14,2 мың тоннаға жетті, ал экспорттық түсім 49 млн доллардан артық.
Негізінен Қытай, Ресей, Беларусь, Моңғолия, Кавказ елдері және Орталық Азия мемлекеттерін қоса алғанда, оннан астам елді қамтиды.
Өсімнің маңызды факторларының бірі – өндірістік инфрақұрылымға салынған ауқымды инвестициялар.
Атап айтқанда Байсеркедегі 50 гектар аумақта орналасқан заманауи зауыт өңірдегі ең ірі әрі технологиялық жағынан дамыған кәсіпорындардың бірі. Жалпы инвестиция көлемі 64 млрд теңге, онда 3500-ден астам адам қызмет етеді.
Экспорттың артуына жеткізілетін өнім құнының өсуі де ықпал етті. Былтыр қазақстандық балмұздақтың орташа экспорттық бағасы 1 кг үшін 3,47 долларға жетіп, отандық өнімнің қосылған құны мен сапасының артқанын көрсетті.



