Жаңалықтар

Қазақстанда Ауылдық аумақтарды дамытудың 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді

Ел өңірлерінде Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын кең ауқымды талқылау басталды, деп хабарлайды basagro.kz.

Көшпелі кеңес Жамбыл облысында өтті. Іс-шараға Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, АШМ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Кездесуге шаруа қожалықтарының басшылары, ауылдық округтердің әкімдері және Жамбыл облысына қарасты Жамбыл және Байзақ аудандарының тұрғындары шақырылды.

Атап айтқанда, қатысушылар Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы және «Ауыл – Ел бесігі» бойынша өз ұсыныстарын берді. Көтерілген мәселелерді мүдделі орталық мемлекеттік органдар облыс әкімдіктерімен бірлесіп қарайтын болады. Сондай-ақ, кездесу барысында өңірлерде жүзеге асырылып жатқан жобалардың негізгі бағыттары қарастырылды.

ҚР Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 Жарлығына сәйкес, Ұлттық экономика Министрлігі ҚР Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірледі.

Тұжырымдаманың үш негізгі тәсілі:

– Ауылдың институционалдық дамуын қамтамасыз ету

– Әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын қарқынды дамыту

– Агроөнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы ауыл халқының табыс деңгейін арттыру

Жалпы, құжат 60-қа жуық іс-шараны қамтиды. Сондай-ақ, апатты және үш ауысымды мектептерді жоюға, денсаулық сақтау объектілерін, интернетке қолжетімділікті, орталықтандырылған сумен жабдықтауды қамтамасыз етуге және ауылішілік жолдардың жағдайын жақсартуға бағытталған міндеттер көзделген. Ауыл халқының табысын арттыруға ерекше көңіл бөлінетін болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button