Семейде жаңа ет комбинаты іске қосылады
Абай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Рүстем Ворошилов жүргізіліп жатқан жұмыстардың басым бөлігі инвестиция тартуға бағытталғанын атап өтті, деп хабарлайды basagro.kz.
Инвестиция тартуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде, бұрынғы ет комбинатының мәселесі пысықталып, жобаға инвестор тартылды. Қазіргі таңда «Еуразия АгроХолдинг» компаниясы жер телімін алды және кәсіпорынды 2025 жылы іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаның құны шамамен 18 миллиард теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру арқылы 200-ден астам жұмыс орны ашылады. Жаңа ет комбинатында мал союдан сойыс өнiмдерiнің экспортына дейінгі толық өңдеу үрдісі жүзеге асырылатын болады. Бұл ірі жоба экспорттан бөлек, ішкі нарықты етпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
— Семей қаласының аумағында «Өндіріс» индустриалды аймағы бар. Заңнамаға сәйкес, мұндай аймақтарда экономиканың басым секторларының өңдеуші кәсіпорындары құрылады. Аталмыш секторлар ұлттық жобалар аясында субсидиялау арқылы қаржыландырылады. Осылайша, инвесторларға жұмысымызды көрсету үшін жаңа кәсіпорындар құру міндетін алға қойып отырмыз. Мәселен, қараша айында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Орынборда өткен Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысып, меморандумдарға қол қойды. Осылайша өңірге инвесторларды тартуға қажетті қадамдар жалғасуда,- деді Рүстем Ворошилов.
Болашақта тоқтап тұрған кәсіпорындардан шағын индустриялық парктер жасау жоспарлануда. Оның аумағы жеке учаскелерге бөлінеді. Содан кейін кәсіпкерлер жер телімдерін нарық бағасынан төмен бағаға жалға алатын болады. Негізгі мақсат — отандық өнім санын арттыру.
Басқарма басшысы Цемент, Силикат, KazMinerals сияқты бірқатар зауыттардың жұмысын жақсы бағалай келе, осы деңгейді сақтап, алға жылжу қажет екендігін атап өтті. Жаңа кәсіпорындардың пайда болуына қолайлы жағдай жасау басты міндет екендігіне аса назар аударды. Сол үшін өнеркәсіптік кәсіпорындардың талдамалы базасы қалыптастырылуда.