Жаңалықтар

Сенатор ауыл шаруашылығы кооперативтерінің негізгі проблемасын атады

Қазақстандық аграршылар ауыл шаруашылығы саласында 3 284 кооператив құрған болатын. Алайда, іс жүзінде бұл бірлестіктердің 60 пайызы төлем қабілетсіз немесе әрекетсіз тұрғаны анықталды. Сенатор Жанболат Жөргенбаев өзінің депутаттық сауалында осы мәселені көтерді, деп жазады BasAgro.kz Kazinform агенттігіне сілтеме беріп,

Депутаттың айтуынша, бастапқы капиталдың болмауы кооперативтердің негізгі проблемасына айналды. Яғни, «әуелі несие алып, содан кейін кооперативке кіру» концепция жұмыс істемей тұр.

Сенатор биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 400 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылғанын айта келіп, олардың жұмыс істеуі үшін 100 миллиард теңге бөлінгеніне тоқталды. Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» 543 ауыл шаруашылығы кооперативіне тағы қосымша 370 миллиард теңге бөлді. Алайда елдегі 268 000 ферма мен 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруа қожалығы әлі күнге дейін ауылшаруашылық кооперативінің қызметіне қосылмай отыр.

«Осы аталған құрылымдар арасында ірілендіру бағытындағы жұмыстың әлсіз жүріп жатқанын байқатты. Біріншіден, насихат жұмысы тиісті деңгейде жасалмай отыр және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктері толық ашылмаған. Екіншіден, жер қатынастарын реттеудің кейбір мәселелері толық қарастырылмаған. Үшіншіден, кооператив пен оның мүшелері үшін салық салу мәселелері толық реттелмеген. Төртіншіден, кәсіпкерлік субъектілерінің өнімді сақтауға арналған қоймалардың жоқтығы, өңірлерде сауда-логистикалық орталықтар мәселесінің шешілмегендігі проблемаға айналды», – деді Жанболат Жөргенбаев.

Сенатор осы айтылғандарды тұжырымдай отырып, еліміздің Үкіметіне бірқатар ұсыныс айтты.

«Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жұмыстарын жүйелендіру үшін Үйлестіру кеңесі құрылуы тиіс. Осыған байланысты «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңына бірқатар өзгеріс енгізу маңызды. Сонымен қатар, Салық заңнамасын жетілдіру аясында кооперативке және оның мүшелеріне қосарланған салық салуды алып тастауды қарастыру керек. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің көлік шығыстарын субсидиялау бойынша ұсыныстарды қарастыру маңызды», – деді депутат.

Басқа жаңалықтар

Back to top button