Талдықорғанда көкпардан ел чемпионаты басталды: Биыл рекордтық көрсеткіш тіркелді

Талдықорғанда көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының XXV чемпионаты басталды. Биылғы дода қатысушылар саны бойынша рекорд жаңартты. Бұған дейін ел біріншілігіне 16-дан артық команда қатыспаса, биыл көкпар алаңына 19 команда шықты.
2001 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан чемпионат тарихында Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы 15 мәрте топ жарып, көш бастап тұр. Түркістан облысы жеті рет чемпион атанса, Астана қаласы мен Алматы облысының еншісінде бір-бір жеңістен бар.
Биыл жарыс ережесіне де бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұрын әр командаға 12 ат қосуға рұқсат етілсе, енді олардың саны 16-ға дейін көбейтілді. Бұл шешім аттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарыс кезінде күш түскен тұлпарларды дер кезінде алмастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аттардың ауыстырылып кетуіне жол бермеу үшін арнайы чип қолдану жоспарланған.
Талдықорғандағы чемпионаттың маңызы жүлдемен ғана шектелмейді. Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрдәулет Момынов дода барысында үздік шабандоздар мен аттарды іріктеп, ұлттық құраманың әлеуетін саралайды. Таңдаудан өткен мықтылар 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Ыстықкөлде өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды.
Бас демеуші: Самұрық-Қазына қоры
Бас серіктес: Спортты қолдау қоры



