Жаңалықтар

Түрік инвесторлары Түркістанның Шардара ауданында су үнемдеу технологиясын енгізбек

Түркістан өңірінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандарын аралады. Жергілікті кәсіпкерлермен жүздесіп, оларға мемлекеттік бағдарламалар беретін мүмкіндіктер туралы айтты. Ауданда тамшылатып суару әдісін пайдаланып, жүгері егуге ниет білдірген түрік инвесторларымен кездесті. Облыс әкімі инвесторлармен зауыт ашу мәселесін талқылады. Мемлекеттен қолдау болатынын айтып, Түркия елінен келген кәсіпкерлерге негізгі талаптарды түсіндірді.

– Бізге ең керегі — халықты үйрету. Жаңа кәсіпті дамытудың жолдарын, оның қыр-сырын жергілікті түрғындарға үйрету керек. Жаңа кәсіп бастауға Түркістан өңірінің әлеуеті мол. Зауытты Түркістанда ашуды ұсынамын. Қолдау болады. Өңірде су үнемдеуден технологияларын ендіру жұмыстарына күш салынған. Шаруаларға қолдау көрсетіледі, – деді өңір басшысы.

Аймақ басшысы Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығында болып, қожалықтың тамшылатып суару әдісін пайдалану бойынша жұмысымен танысты. Егістік алқабы 286,5 гектарды құрайды. Биыл шаруа пияз және бақша дақылдарын еккен. Шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісі арқылы өнімдерін өсіруде.

Дархан Сатыбалды Шардара қаласындағы «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тігін фабрикасында болды. Киім-кешек, көрпе-төсек, аяқ-киім, әскери киім, мектеп киім үлгісі, арнайы киімдер тігіп шығаратын цехта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Бұл жобаға кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен 200 млн теңге инвестиция тартылған. Кәсіп иесі Бақтыкерей Омар мемлекеттік қолдау арқылы жылына өндіретін өнім көлемін арттыруды көздеп отыр.

Кәсіпкерлермен кездескен өңір басшысы аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдауды күшейтуді тапсырды.

Түркістан облысында кәсіпкерлердің балық шаруашылығына деген қызығушылығы артып келеді

Балық өсіру бойынша елімізде Түркістан облысы көш бастап тұр.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өңірде балық шаруашылығын дамыту тапсырмасы аясында Созақ ауданының шаруалары балық шаруашылығымен айналысуды қолға алды. Бүгінде ауданда тауарлы балық шаруашылығымен айналысуға кәсіпкерлердің қызығушылығы күн санап артып келеді. Соның бірі – «Бейбарыс» шаруа қожалығы.

2005 жылы ашылған шаруа қожалығы бұған дейін мал және егін шаруашылығымен айналысып келген. Соның ішінде асыл тұқымды ангус тұқымын өсірген.

Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова Жартытөбе ауылдық округі, Аққолтық елді мекеніне арнайы барып, жеке кәсіпкер Қайрат Байниевтің шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер 15 гектар аумаққа балық шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр.

Ол мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге несие алып, былтыр көктем айында өз ісін бастаған. Кәсіпкер өзінің жеке тоғанына 15 мың форель шабақтарын жіберіп, өсіруде. Кәсіп иесі алдағы уақытта өз кәсібін кеңейтуді көздеуде.

Кәсіп иесімен кездескен басқарма басшысының орынбасары балық шаруашылығымен айналысу тиімді кәсіптердің бірі екенін айтып, мемлекет тарапынан қолдаулар болатындығын жеткізді.

Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидия беру және осы салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Жалпы ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында балық шаруашылығын дамыту бойынша 7 кәсіпкер 56 млн теңге несие алған. Жалпы биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 232 жоба мақұлданып, 1 млрд. 20 млн. теңге қарастырылып отыр.

Айта кетейік, облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 кәсіпкер 168,9 млн теңге жеңілдетілген несие алып, балық өсіру шаруашылықтарын ашқан.

Басқа жаңалықтар

Back to top button