Түрік сериалдары мен фильмдері АҚШ-тағы беделді фестивальде топ жарды

Қазіргі туризм индустриясында дәстүрлі жарнамалық роликтер біртіндеп өз орнын кинематографиялық баяндауға (cinematic storytelling) босатып жатыр. Саяхатшыларды тарту үшін тек тарихи орындар мен табиғатты көрсетіп қоймай, елдің мәдениеті мен өмір салтын көркем фильм деңгейіндегі сюжеттер арқылы жеткізу өте тиімді құралға айналды. Бұл жаңашыл тәсілдің халықаралық деңгейдегі мойындалуы жақында АҚШ-та өткен беделді US International Awards 2026 байқауында айқын көрініс тапты.
Жиырма бес елден келген 100-ден астам жоба бақ сынаған жаһандық додада Түркия Туризмді ілгерілету және дамыту агенттігі (TGA) ұсынған визуалды жобалар жоғары баға алды. TGA мен Turkish Airlines бірлесіп түсірген «So Turkish, Go Turkish» промо-фильмі елді таныту санатында күміс жүлдені жеңіп алды. Биыл бұл аталымда алтын жүлде ешкімге берілмегендіктен, аталған туынды өз санатындағы ең жоғары марапатқа ие болды.
Фильм Түркияны тек географиялық карта ретінде емес, өзіндік өмір салты бар мекен ретінде ашады. Аясофияның еңселі көрінісінен бастап, Каппадокияның әуе шарлары мен Эгей жағалауындағы дәстүрлі дастарқан басына дейінгі сәттер арқылы елдің шынайы тыныс-тіршілігі жеткізіледі.

Дәстүрлі видеолардан бөлек, кинематографиялық сападағы шағын сериалдар форматы цифрлық әлемде бұрын-соңды болмаған сұранысқа ие болып отыр. Осы уақытқа дейін жарық көрген бес туынды халықаралық платформаларда 7,69 миллиард жарнамалық көрсетілім мен 4,4 миллиардтан астам қаралым жинаған. Ал жақында бұл серия көрерменге «Turquoise Summer» атты алтыншы жобасын ұсынды.
Америкалық байқауда Түркияның тағы бір таныстыру жобасы — «Antalya Gambit» сериалы қалаларды таныту санатында күміс жүлде иеленді.
«Antalya Gambit» — Өнер кураторы Лара мен жұмбақ сәулетші Дениздің оқиғасы арқылы көрермен Антальяның бирюза түсті шығанақтарына, көне қирандылары мен заманауи шипажайларына саяхаттайды. Сюжет қаланы тек жағажай демалысы емес, терең тарихы бар мекен ретінде ашады.

Ал осы санаттың финалисі атанған «İstanbul My Love» сериалы Ыстанбұл қаласын жай ғана түсірілім алаңы емес, оқиғаның тікелей қатысушысы етіп көрсетеді.
Сюжет желiсi Ыстанбұл есімді дарынды бойжеткен мен Тан есімді табысты кәсіпкердің үлкен қаладағы шынайы махаббатты іздеу сапарына құрылған. Қаланың қарбалас ырғағы мен романтиканы ұштастырған туынды әр бөлімінде Чираған сарайы, Галатапорт, Босфор мен Бейоглу сияқты тарихи орындарды көрсете отырып, дестинацияны танытуды көрерменді баурап алатын әсерлі тәжірибеге айналдырады.

Осылайша, кинематографиялық оқиғалар арқылы елдің өмір салты мен мәдениетін табиғи түрде жеткізу — халықаралық туризмді ілгерілетудің ең тиімді жолына айналып келетіні сөзсіз.



