Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сауд Арабиясының кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргізді
Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек Сауд Арабиясының Al Rajhi International for Investment компаниясының басшысы Ахмед Әли әл-Дахилмен келіссөздер жүргізді. Кездесу «Астана» Халықаралық форумы аясында өтті. Айта кетейік, компания бүкіл әлем бойынша ауыл шаруашылығы жобаларына инвестиция салумен, сондай-ақ салаға заманауи технологияларды енгізумен айналысады.
Әбілхайыр Тамабек Сауд Арабиясынан келген делегацияны Қазақстанның АӨК жетістіктерімен таныстырды. Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі экономиканың маңызды секторларының бірі болып табылады.
— Қазақстан жыл сайын 70-тен астам елдің нарығына 8 млн тоннаға жуық астық жеткізіп, астық державасы мәртебесін бекітті, ал соңғы жылдары ұн экспорты бойынша Республика жыл сайын 2,5 млн тоннаға дейін экспорт жасайды, әлемде көшбасшы орында тұр, — дейді Әбілқайыр Тамабек.
Ол сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларынан басқа, инвесторларға әртүрлі салалық жеңілдіктер мен преференциялар ұсынылатынын атап өтті. Мысалы, жобалар бірқатар салықтардан босатылатын инвестициялық келісімшарттар жүрізіледі. Қазақстандағы инвесторлар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Үкіметпен инвестициялар туралы тікелей келісім жасасу мүмкіндігіне ие болды. Келісім шеңберінде стратегиялық инвесторлар корпоративтік табыс салығына, мүлік салығына, жер салығына, сондай-ақ қосылған құн салығына қатысты салық демалысын ала алады. Сонымен қатар, қазақстандық бидайды Сауд Арабиясына жеткізу мүмкіндігі бойынша келіссөздер жүргізілді.
Әбілхайыр Тамабек Министрліктің АӨК саласындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға дайындығы туралы хабарлады және Сауд Арабиясының кәсіпкерлерін Қазақстан аумағында бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.