Жаңалықтар

7 млн гектардан астам қолданылмаған жер мемлекетке қайтарылған

2022 жылдың басынан бері Қазақстанда млн гектардан астам жер мемлекетке қайтарылған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі айтты, – деп Basagro.kz тілшісі lsm.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

LS редакциясының сауалына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылы – 5,4 млн гектар, 2023 жыл басталғалы бері – 1,8 млн гектар жер мемлекет қарамағына алынғанын айтқан. Бұл жер телімдерінің барлығы қолданылмай жатқан немесе заңсыз берілген болатын.

Сондай-ақ, 2023 жылдың басынан бері Қазақстан аймақтарында 934,3 мың гектар бойынша 810 жер пайдаланушыларға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілгені хабарланды. Осы тексерістердің нәтижесінде 518,3 мың гектар аумақта заң бұзушылықтарды жою бойынша 355 ұйғарым жасалған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабында «227,7 мың гектар аумақ бойынша 199 материал Сот органдарының қарауында», – делінген.

Тиісті шаралар атқарыла бастаған соң, жер пайдаланушылар 492,1 мың гектар аумақты қамтитын ауылшаруашылық учаскелерiн игере бастағаны атап өтілген.

Ал 2022 жылдан бері жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша, көлемі 526,3 мың гектарлық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру бойынша әкімдіктердің 515 заңсыз қаулысы анықталды. Оның ішінде 135 шешімнің күші жойылған, қалған 380 шешімнің күші жойылып жатыр.

Қазақстан биылғы жылдың соңына дейін тағы 5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алғысы келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button