Жаңалықтар
Тренд

Борсеңгір ауылында қоғамдық қабылдау өтті

Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков Борсеңгір ауылында тұрғындармен кезекті қоғамдық қабылдау өткізіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Кездесу барысында халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау және тұрғындардың табысын арттыру бағыттары кеңінен сөз болды.

Қабылдауға келген ауыл тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді көтеріп, күнделікті өмір сапасын жақсартуға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, инфрақұрылым, жол жағдайы, мал шаруашылығын дамыту, әлеуметтік қолдау тетіктері және жастарды жұмыспен қамту мәселелері назарға алынды. Сонымен қатар, тұрғындар ауылдың болашағына қатысты өз ойларын білдіріп, бірқатар бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

Кездесу барысында аудан әкімі өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған жобалар жөнінде кеңінен ақпарат берді. Атап айтқанда, Борсеңгір ауылына баратын автомобиль жолын жөндеу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Жоба 2026–2027 жылдарға жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аясында жол төсемін дайындау, қиыршық тас төсеу, тегістеу және сапасын арттыру бағытындағы негізгі техникалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар ауылдың көлік қатынасын жақсартып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, ауыл халқының негізгі күнкөріс көзі саналатын мал шаруашылығы саласына ерекше тоқталынды. Бұл бағытты дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары, субсидиялау тетіктері және жеңілдетілген бағдарламалар туралы түсіндірме берілді. Мал шаруашылығын дамыту ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуына, жеке табысын арттыруға және жалпы ауыл экономикасын нығайтуға ықпал ететін маңызды сала екені атап өтілді.

Кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар мен мәселелер хаттамаға енгізіліп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Аудан басшылығы алдағы уақытта да халықпен ашық әрі жүйелі диалогты жалғастырып, ауылдық аумақтарды дамыту, жұмыспен қамту деңгейін арттыру және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетінін жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button