Жаңалықтар

Депутат «Аграрлық несие корпорациясы» пен «ҚазАгроҚаржыны» біріктіруді ұсынды

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жигули Дайрабаев Агробанктің құрылмай жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды basagro.kz.

«Ауыл» партиясының фракция депутаттарының сауалы 280 мыңға жуық фермердің, мыңдаған сала мамандары мен ауыл кәсіпкерлерінің талабына айналған Агробанк құру мәселесіне арналып отыр. Бұл тақырыптың биік мінберлерден көтеріліп жүргеніне он жылдан асты. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің жауыр болған жауаптарын қолданбай, Үкімет басшысы ретінде агробанк құруға қатысты нақты позицияңызды айқындауды сұраймыз. 2022 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесу барысында Үкіметке осы мәселені зерделеу керек деп айтқан болатын», — деді Ж. Дайрабаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Депутаттың айтуынша, «Аграрлық несие», «ҚазАгроҚаржы» сияқты квазимемлекеттік қаржы институттары бар болса да, олар арқылы берілетін несиенің көлемі өте аз.

«Фермерлерге бүгінде кем дегенде 2 трлн теңге қажет. Елімізді аграрлық державаға айналдырамыз десек, бұл тұрғыда 5 трлн теңге керек. Ал қаржы инситуттары арқылы берілетін қаражат оның оннан бір бөлігіне де жетпейді. Толыққанды банк ретінде жұмыс істей алмаған соң қаржы институттары қосымша кіріс көзін аша алмайды. Демек олар айналымдағы капиталын ешқашан да ұлғайта алмайды деген сөз. Әрине, сырттан қарыз алуға болады, бірақ «ҚазАгро» холдингінің 2012 жылғы қателігінен валюта құнының айырмашылығы бюджет пен фермерлердің мойнына түскенін ұмытпайық», — деді ол.

Дайрабаевтың айтуынша, бүгінде «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы», тіпті «Бәйтерек» сияқты квазимемлекеттік мекемелердің қолы байлаулы.

«Сондықтан Қазақстанның аграрлық саласына өзінің мамандырылған банкі керек. «Ауыл» партиясының талабы осы. Аграрлы банктің құрылуына қарсы адамдар ауыл шаруашылығы саласының тиімділігі төмен, тәуекелдері көп екенін алға тартады. Қазақстан аграрлы державаға айналуы үшін, ең алдымен, өзінің дербес агробанкін құруы тиіс. «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және тағы басқа қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттен жыл сайын бөлініп жатқан қаржыны бір жерге топтастырып, мемлекеттің қатысуымен агробанк ашуды ұсынамыз», — деді депутат.

Басқа жаңалықтар

Back to top button