Е. Қарашөкеев: Биылғы егіннің бидайы жоғары сапалы көрсеткіштерге ие
Жаңа егіннің бидайы жоғары сапалы көрсеткіштеріне ие, деп хабарлады бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі. Ербол Қарашөкеев астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған бидайдың жалпы көлемінің 85,8% — ы 1-3 сыныптарға жатқызылғанын атап өтті.
Жалпы, республика бойынша 15,4 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды, бұл жалпы жинау алаңының 96,3% құрайды. 13ц / га орташа өнімділік кезінде 20,1 млн тонна астық бастырылды. Ақтөбе, Қарағанды облыстарында және Шымкентте дәнді дақылдарды жинау толығымен аяқталды.
Республика бойынша майлы тұқымдарды жинау 1 млн тоннаны құрайды, бүгінгі күнге дейін 3,2 млн тонна картоп, 4,2 млн тонна көкөніс жиналды.
«Әлеуметтік маңызды дақылдардың жалпы жиынтығы республиканың ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қолайлы жағдайлар егіннің сапасына да оң әсерін тигізді», — деді министр.
Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы дақылдарын сатып алу бойынша форвардтық келісімшарттар мәселесіне жеке тоқталды. Азық-түлік келісім шарт корпорациясы бидай бағасын сапасына байланысты 121-125 мың теңге мөлшерінде белгіледі. Бұған дейін форвардтық шарттар жасалған басқа өнімдердің бағасы да анықталды.
«Белгіленген сатып алу бағалары нарықтың барлық қатысушылары үшін, соның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өздері үшін әділ болып табылады. Өңір әкімдерін фермерлердің тауар түрінде жасалған шарттар шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуі жөніндегі жұмысты ерекше бақылауға алуын сұраймын. Оның үстіне, сатып алынған көлемдер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа жіберілетін болады», — деп қорытындылады ведомство басшысы Ербол Қарашөкеев.
Бұған қоса, министр егін жинау науқанының қарқыны жоспардан да асып түсетінін және министрліктің егін жинау науқанын тұрақты бақылауда ұстап отырғанын атап өтті.