Жамбыл облысында егіс науқаны басталды
Биылғы жылдың ауа райы жағдайы Жамбыл аграршыларына егіс науқанын мерзімінен бұрын бастауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды basagro.kz.
Биыл Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы дақылдарына 770,7 мың га бөлу жоспарлануда, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 14,7 мың га артық. Бұл ретте дәнді және бұршақты дақылдарға, майлы дақылдарға, көкөністерге, қауынға, картопқа және қант қызылшасына артықшылық беріледі.
Көктемгі егіс жұмыстарына өңірдің шаруа қожалықтарында 7 317 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылатын болады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жигитековтың айтуынша, 2023 жылы қант қызылшасына 10 мың гектардан астам жер бөлу жоспарлануда.
«Бізде қант қызылшасын Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Рысқұлов және Шу аудандарының шаруашылықтары егеді. Картоп 11,8 мың гектарға, дәнді және бұршақты дақылдар 398,2 мың гектарға орналастырылады, 90,2 мың тонна тұқым қажет. Қосымша қант қызылшасы, астыққа жүгері, картоп, сүрлемдік жүгері және күнбағыс тұқымдарын шетелден, сондай-ақ Алматы, Қарағанды, Павлодар және Жетісу облыстарынан жеткізу күтілуде», — деді спикер.
Жамбыл облысының аграрлық секторын қолдауға 2023 жылы 100 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл аграршыларға субсидиялар төлеуге, халықтың табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны, сондай-ақ сүт-тауар фермаларын, көкөніс қоймаларын салу, құс шаруашылығы мен балық шаруашылығын қолдау жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған қаражат, деп атап өтті Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.