Жаңалықтар
Тренд

Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен алу бағдарламалары бойынша қайтадан өтінім қабылдау басталды

«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген шарттармен лизингке беру жөніндегі «Өз жем-шөбіміз», «6% жеңілдетілген лизинг» және «Қазақстанда жасалған» бағдарламалары бойынша қайтадан өтінім қабылдай бастады.

«Өз жем-шөбіміз» бағдарламасы

Бағдарламаның негізгі мақсаты – мал шаруашылығын тұрақты жемшөп қорымен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыру және мал шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайту.

Бағдарлама аясында отандық және шетелдік ауыл шаруашылығы техникасын, жемшөп дайындауға арналған техниканы, сондай-ақ жылжымалы суару жүйелерін лизингке алуға болады.

Лизинг шарттары:
Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%;
Лизинг мерзімі – 10 жылға дейін;
Алғашқы жарна – техника құнының кемінде 15%-ы.

Бағдарлама мал өсірумен, күтіп-бағумен немесе бордақылаумен айналысатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған. Бұл ретте олардың жер учаскелерінің құрамында жайылым және (немесе) шабындық жерлер болуы, сондай-ақ жемшөп өндіретінін немесе дайындайтынын құжат жүзінде растауы қажет.

Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын қосымша талап бойынша қаржыландыру алынған жылдан кейінгі екі жыл ішінде еңбекақы қоры мен салық түсімдерінің көлемін 10%-ға арттыру міндеттеледі.

«6% жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы

Бағдарлама аясында отандық өндірістен шыққан немесе Қазақстанда құрастырылған өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы жеңілдетілген шарттармен қаржылық лизингке беріледі.

Фермерлер техниканы алғашқы жарнасыз, жылдық 6% сыйақы мөлшерлемесімен және 10 жылға дейінгі мерзімге лизингке ала алады.

«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы

Бағдарлама отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қолдау көрсетуге бағытталған.

Онда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ілмелі, тіркемелі және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және балық өнімдерін, биологиялық активтерді тасымалдауға арналған көлік құралдарын лизингке рәсімдей алады.

Бағдарламаның басты талабы – сатып алынатын техника Қазақстанда өндірілген немесе құрастырылған болуы тиіс.

Лизинг шарттары:
Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%;
Лизинг мерзімі – 10 жылға дейін;
Алғашқы жарна – лизинг нысаны құнының кемінде 15%-ын құрайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button