«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Тәжікстанға азық-түлік жеткізу көлемін арттыруға дайын

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы мен Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігі азық-түлік жеткізу саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.
Бұл туралы тараптар Астанада өткен кездесуде мәлімдей келіп, Қазақстанның Тәжікстанға дәстүрлі бидай мен ұнның негізгі жеткізушісі екенін атап өтті. Бұл елде ішкі өндіріс қажеттіліктің 40%-ын ғана қамтиды. Былтырғы жылы қазақстандық бидай тасымалы 1,2 млн тоннаға жетті, бұл соңғы бес жылдағы рекордтық көрсеткіш деуге болады.
Тәжікстанның Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігінің директоры Нурмахмад Ахмадзоданың айтуынша, ағымдағы маусымда 1,3 млн тоннаға дейін астық өнімдерін импорттауды жоспарлап отыр.
«Біздің ынтымақтастығымыздың болашағы зор, өйткені азық-түлік қауіпсіздігі кез келген мемлекет үшін әрқашан алдыңғы орында тұрады. Біз тек астық қана емес, сонымен қатар ұн мен күнбағыс майын жеткізуге де мүдделіміз», — деді Нурмахмад Ахмадзода.
Сондай-ақ корпорация өкілдерін Душанбе қаласында астық сақтау инфрақұрылымымен танысуға және жаңа элеваторлар мен қайта өңдеу кәсіпорындарын салуға қатысу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.
Өз кезегінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
«Корпорация аталған агенттікпен ұқсас азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қызметтерді жүзеге асырады. Біздің серіктестігіміз уақыт сынынан өткен және өзара сенім мен ортақ міндеттерге негізделген. Біз өз тарапымыздан жеткізудің қолайлы тетіктерін ұсынып, Тәжікстанға астық пен тиісті азық-түлік қажеттілігін қамтамасыз етуге дайынбыз», — деді компания өкілі.
Кездесу қорытындысында қос тарап ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қолдай отырып, алдағы уақытта астық жеткізу бойынша келісімшартқа қол қою мәселесін тағы бір мәрте пысықтамақ.
Бұл келісімдердің жүзеге асуы Орталық Азия өңіріндегі азық-түлік жүйелерінің тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.



