Жаңалықтар
Тренд

Измирде не дәм татуға болады: Түркияның Эгей жағалауындағы бірегей дәмдерді зерттеу

Бүгінгі таңда саяхаттың мәні тек баратын нүктені таңдаумен шектелмейді, сапардың сапасы жол бойындағы дәммен де өлшенеді. Соңғы кездері әлемдік туризмде «гастрономиялық зерттеу» немесе «фуд-турлар» нағыз трендке айналды. Қазіргі саяхатшылар тарихи ескерткіштерді аралаумен қатар, өз жоспарларын ұмытылмас асханалық тәжірибелер айналасында құрады. Зерттеулерге сүйенсек, демалушылардың тең жартысы ұшақ билетін алмас бұрын баратын қаласындағы мейрамханаларға алдын ала тапсырыс беріп қояды екен.

Осы орайда Түркияның Эгей жағалауындағы інжу-маржаны — Измир дәмге құмар жандар үшін нағыз жәннатқа айналып отыр. Қаланың асханалық мәдениеті зәйтүн майымен әзірленген шипалы шөптерден бастап, Мишлен нұсқаулығына енген талғампаз мейрамханаларға дейінгі кең палитраны қамтиды.

Измирдегі дәм саяхаты аймақтың құнарлы топырағында өсетін бірегей көкөністер мен шөптерден басталады. Мұндағы жабайы спаржа, құлқайыр, қалақай және «чибез» сияқты көктер жоғары сапалы зәйтүн майына қуырылып, жеңіл салат немесе мезе ретінде ұсынылады. Аталған дәмдерді Эгей теңізінің балғын өнімдерімен үйлестіріп, дәстүрлі таверналарда отырып тату — баға жетпес сәт. Зәйтүн майына бұқтырылған артишок пен қозы етімен әзірленген «шевкет-и бостан» (алатікен) тағамы өлкенің басты мақтанышы саналады.

ЖИ арқылы салынған сурет

Егер қалаға көктемде жолыңыз түссе, Алачаты шөптер фестивалі мен Урла артишок фестивалінің куәсі бола аласыз.

Алачаты шөп фестивалі

Гастрономиялық картадағы Измирдің ең жарқын нүктесі — Урла. Бұл шағын жағалау қалашығы «фермадан дастарқанға» дейінгі концепцияны ұстанған жоғары деңгейлі мейрамханаларымен танымал.

Жас шеф-аспаздар жергілікті өнімдерді қолдана отырып, көне рецептілерге заманауи реңк береді. Сондықтан болар, Мишлен нұсқаулығы Урланың асханалық шеберлігін жоғары бағалап, мұндағы бірқатар мейрамханаларға «Мишлен жұлдызы», «Жасыл жұлдыз» және «Сомелье» марапаттарын берді.

Анадолу агенттігі
Анадолу агенттігі

Зәйтүн бақтарымен қоршалған Урла шарап өнерінде де көш бастап тұр. «Урла жүзім жолы» бағыты бойынша бутик-зауыттарды аралап, ұмытылып бара жатқан, бірақ қайта жаңғырған «Урла Карасы» сияқты жергілікті сорттардың дәмін татуға болады.

«Урла жүзім жолы»

Измирге келіп, оның қайнаған көше тағамдарын татпау мүмкін емес. Қаланың таңғы асының символына айналған — «бойоз», екі мәрте пісірілген «геврек» және жұмсақ «пишиді» әйгілі Измир тулум ірімшігімен қосып жеудің орны бөлек. Түскі асқа Измирге ғана тән ерекше бөлке нанмен әзірленген «кумру» сэндвичі таптырмас таңдау. Тәтті сүйер қауым үшін ұнтақ жармадан жасалған «шамбали» немесе көше бұрыштарында ыстықтай ұсынылатын «локма» нағыз дәмдік ләззат сыйлайды.

«бойоз»
«геврек»
«кумру»

Измир өзінің жайлы әрі сүйкімді бутик-қонақ үйлерімен ерекшеленеді. Чешме, Урла немесе Алачатының шағын қонақ үйлерінде қалып, Эгей стиліндегі ұзақ таңғы астың рахатын көруге болады. Дәм саяхатын мәдени мұрамен толықтырғысы келетіндер үшін Измир — нағыз ашық аспан астындағы мұражай.

Мұнда ЮНЕСКО тізіміндегі ежелгі Эфес пен Пергам қалаларын, әлемнің жеті кереметінің бірі — Артемида храмының қалдықтарын және Мәриям ананың үйін көруге болады.

Эфес антикалық қаласы
Мәриям Ана үйі

Измир — Эгей теңізінің самалы мен сан ғасырлық тарихтың дәмі тоғысқан, әрбір қонағына ұмытылмас гастрономиялық естеліктер сыйлайтын нағыз жәннат.

Басқа жаңалықтар

Back to top button