Қазақстан биологиялық қауіпсіздік саласында ДДСҰ-мен стратегиялық әріптестікке бейілділігін көрсетті

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы және халықаралық ғылыми қауымдастықпен өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге толық дайын екенін жеткізді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Париж қаласында өткен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының 93-ші Бас сессиясы аясында министрлік деңгейіндегі дөңгелек үстел барысында мәлімдеді.
Іс-шараға аталған ұйымның Бас директоры Эммануэль Субейран, 30 елден келген министрлер және 182 елдің ұлттық делегаттары қатысты.
Өз сөзінде Айдарбек Сапаров халықаралық қауымдастық алдында Қазақстанның биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту және саланың кадрлық әлеуетін нығайту жөніндегі стратегиялық ұстанымдарды атап өтті.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жануарлар денсаулығы мәселелері салалық тек салалық шеңбермен шектелмей, азық-түлік қауіпсіздігіне, ұлттық экономика тұрақтылығына, халықаралық сауда мен елдердің санитарлық-эпидемиологиялық ахуалына тікелей әсер етуде.
«Қазіргі әлемде жануарлар ауруларының трансшекаралық таралу қарқыны өте жоғары. Климаттың өзгеруі, көші-қон үдерістері және жаһандық сауданың бұрын-соңды болмаған өсуі бізден жаңа тәсілдерді, терең үйлестіруді және халықаралық ынтымақтастықты күшейтуді талап етеді. Қазақстан үшін ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері стратегиялық маңызға ие», – деді министр.
Мал шаруашылығы ел экономикасының негізгі салаларының бірі және азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады.
Бүгінде Қазақстанда 8 млн-нан астам ірі қара, 22 млн-нан астам ұсақ мал, 5 млн жылқы және 48 млн құс бар. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде елде эпизоотиялық ахуал тұрақты, бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге және ет өнімдерін әлемнің 12 еліне экспорттауға жол ашады.
Одан әрі баяндама барысында отандық ветеринариялық қызметті ауқымды жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Бүгінде бұл салада 15 мыңнан астам маман жұмыс істейді.
Ел аумағында 2,4 мың ветеринариялық станция мен пункт, 168 заманауи зертхана, 17 мамандандырылған індетке қарсы ұйым және 67 ветеринариялық-бағалау және бақылау бекеті жұмыс істейді.
Қазақстан Үкіметі ветеринариялық саланы қаржыландыруды халық денсаулығы мен биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық инвестиция ретінде қарастырады.
Инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа нысандар салу, материалдық-техникалық базаны нығайту және ветеринар мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.
Сөз соңында Айдарбек Сапаров Қазақстан Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымымен, халықаралық серіктестермен және ғылыми қауымдастықпен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ынталы екендерін білдірді.
«Бүгінгі сын-қатерлер туындайтын қауіптерге жедел әрекет етуді ғана емес, сонымен қатар ветеринариялық жүйенің жаңа буынын қалыптастыруды талап етеді. Ол жүйе неғұрлым орнықты, технологиялық тұрғыдан дамыған, ғылыми деректерге, цифрлық шешімдерге және Бірыңғай денсаулық қағидаттарына негізделуі тиіс. Сенімге, ашық білім-тәжірибе алмасуға және өзара жауапкершілікке негізделген бірлескен әрекеттер ғана тұрақты жаһандық биологиялық қауіпсіздік жүйесін қамтамасыз ете алады», – деді министр.
Дөңгелек үстел барысында ветеринариялық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер, трансшекаралық жануар ауруларын мониторингтеу және әрекет ету жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ғылыми зерттеулер, кадр даярлау, ветеринариялық практикаға заманауи технологияларды енгізу бағытындағы халықаралық ынтымақтастық сұрақтары да назардан тыс қалмады.
Жиналғандар мемлекеттердің өзара күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын айта келіп, жаһандық биологиялық қауіпсіздік жүйесін нығайту және ветеринариялық қызметтердің қазіргі эпизоотиялық қатерлерге төзімділігін арттыру қажеттілігіне тоқталды.



