Қазақстанның алты өңірінде су қоймалары мен каналдарды жаңғырту басталды
Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров пен Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басшысының орынбасары Ризат Смағұлов Ислам даму банкі қаржыландыратын «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының бірінші кезеңін іске асыру мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өткізді.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңеске «Қазсушар» РМК, бас мердігер ұйымдар, авторлық қадағалау өкілдері, сондай-ақ жобаға қатысушы өзге де мүдделі тараптар қатысты.
Кездесу барысында жобаны іске асырудың қазіргі кезеңдері, құрылыс және дайындық жұмыстарының барысы, сондай-ақ іс-шараларды орындау мерзімі мен сапасын сақтау мәселелері қаралды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бас прокуратура өкілдері сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қатысушыларды ықтимал жемқорлық тәуекелдерімен және заңнаманы бұзғаны үшін қарастырылған жауапкершілік шараларымен таныстырды.
Сонымен қатар қатысушыларға құқықбұзушылық фактілері туралы сенім телефоны арқылы анонимді түрде хабарлауға болатыны ескертілді.
Кеңес қорытындысы бойынша Бас прокуратура өкілдері жобалардың іске асырылуын бақылау және барлық процестің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мұндай ведомствоаралық кездесулер тұрақты түрде өткізілетінін мәлімдеді.
-Бүгінде «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының бірінші кезеңі аясындағы жұмыстар Қазақстанның алты өңірінде басталды. Жоба су қоймаларын салу және қайта жаңғырту, сондай-ақ ирригация каналдарын жаңғырту шараларын қамтиды. Бұл бастама су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға, су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға және саланың климаттық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, — деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.



