Сарысу ауылында тұрғындардың өмір сапасын арттыру және жұмыспен қамту мәселелері талқыланды

Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков Сарысу ауылдық округінің тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Кездесу барысында халықты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Аудан әкімі жыл басынан бері аудан аумағында жүзеге асырылған негізгі жобалар мен алдағы жоспарлар туралы толық ақпарат беріп, ауылдық елді мекендердің дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ауыл инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеруге бағытталған бірқатар бастамалар егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Қоғамдық қабылдау барысында Сарысу ауылдық округінің ақсақалдары мен тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, шабындық жерлерді (лиман) суару жүйесіне қатысты шлюздерді жөндеу, оларды ауыл әкімдігінің балансына өткізу, сондай-ақ су шаруашылығына қатысты инфрақұрылымды ретке келтіру мәселелері айтылды. Әрбір көтерілген сұрақ назарға алынып, тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.
Осы мәселелерді зерделеу мақсатында аудан әкімі аталған нысандардың қазіргі жағдайымен арнайы танысып, инфрақұрылымдық жүйенің техникалық ахуалын бағалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, алдағы уақытта кезең-кезеңімен жөндеу және жаңғырту шараларын іске асыру бойынша нақты жоспарлар айқындалды.
Соңғы екі жыл ішінде Сарысу ауылдық округінде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, ауылішілік көшелер толықтай жаңартылып, жол инфрақұрылымы жақсартылды. Ауыз су жүйесі жаңғыртылып, тұрғындардың сапалы ауыз суға қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Өткен жылы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі артты.
Сонымен қатар, электр желілерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде, бұл ауылдағы энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Өрт сөндіру бекетінің іске қосылуы ауылдың қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік берді. Аталған нысан қажетті материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз етілген.
Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берген маңызды жобалардың бірі – Сарысу ауылына дейінгі автомобиль жолының жөнделуі. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін облыс орталығына және өзге де өңірлерге тасымалдауды едәуір жеңілдетіп, жергілікті шаруашылықтардың экономикалық белсенділігін арттыруға оң ықпал етуде. Жоба биыл толық аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Кездесу қорытындысында аудан әкімі тұрғындар көтерген барлық мәселелердің бақылауға алынғанын атап өтіп, тиісті жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді. Алдағы уақытта да ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру, тұрақты жұмыспен қамтуды кеңейту, ауыл инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатыны айтылды.



