Қарашөкеев Ресейдің жетекші аргохолдингінің басшыларымен кездесті
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен «KAZAKH INVEST ҰК» АҚ өкілдері Мәскеуге сапары аясында Ресейдің жетекші агрохолдингтері мен ірі компанияларының басшылықтарымен келіссөздер жүргізді. Кездесулер Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды basagro.kz.
Компаниялар қант өнеркәсібі, қой шаруашылығы, қарқынды бау-бақша, минералды тыңайтқыштар сияқты түрлі бағыттар бойынша ұсынылды.
Министр Ресейдің ең ірі толық циклді жеміс бақтарының бірі «Ставрополь бақтары» компаниялар тобының жетекшісімен қарқынды бау-бақша шаруашылығын дамыту және осы саладағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Ербол Қарашөкеев Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан сала туралы айтып берді. Былтыр 47,2 мың гектар алқапқа жеміс ағаштары орналастырылды, ал жидек дақылдарының егіс алқабы 2,9 мың гектарды құрады. Бүгінде АШМ бау-бақша отырғызуды және жеміс қоймаларын салуды инвестициялаудан бастап, элиталық көшеттер мен тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауға дейін бағбандарға жан-жақты қолдау көрсетеді.
Ресей нарығындағы тыңайтқыштардың барлық түрлерінің жетекші жеткізушісі — «ФосАгро-Регион» компаниясының басшылығымен кездесуде тыңайтқыштар саудасы саласындағы ынтымақтастық туралы айтылды. Ербол Қарашөкеев Қазақстанның елде өндірілмейтін немесе аз көлемде өндірілетін тыңайтқыштарға (аммоний сульфаты, карбамид, СКТ, күрделі тыңайтқыштар) қажеттілігін атап өтті. Отандық нарыққа шамамен 236 мың тонна тыңайтқыш қажет.
Ресейдегі ет өңдеу саласындағы ірі холдинг – «Дамате» компаниясының өкілдерімен кездесуде қой шаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру туралы айтылды.
Сондай-ақ, министр «Мираторг», «СP Foods Россия», сондай-ақ «Рус агро», «Доминант» компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді. Компанияларға инвестициялық жобаларды қолдау және инвестициялық салымдарды қорғау шаралары туралы ақпарат берілді.