Қазақстан Тәжікстанға бидай экспорттайды
Қазақстан Тәжікстанға қосымша 50 мың тонна бидай экспорттауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды basagro.kz.
Ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға Азық-түлік корпорациясының басшысы Асылхан Джувашев пен мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі Агенттіктің директоры Нұрмахмад Ахмадзода қол қойды. Келісімге Астанадағы Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумы аясында қол жеткізілді.
Айта кетейік, сәуір айында Тәжікстан мен Қазақстанның бірлескен үкіметаралық комиссиясының 17-ші отырысында екі елдің сауда-экономикалық өзара іс-қимылын кеңейту мәселелері талқыланды. Тараптар, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты өзара нығайту туралы уағдаласты. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Тәжікстанға 310 млн долларға жуық сомаға 986,7 мың тонна бидай экспортталды. Бұл көрсеткіш ТМД елдеріне отандық бидайды экспорттық жеткізу рейтингі бойынша екінші орыңда болды.
Астанада Қазақстан мен Тәжікстанның іскер топтарының форумы елдер арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай өтті. Бизнес-форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ екі мемлекеттің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм, логистика және фармацевтика салаларындағы кәсіпкерлер қатысты. Іс-шара іскер серіктестерді іздеу және Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту алаңына айналды.