Үкіметке ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетіндердің санын арттыру тапсырылды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін қайта қарау қажет деп санайды. Бұл туралы мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді,деп хабарлайды BasAgro.kz.
«Қыркүйек айындағы Жолдауда мен агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнімдердің үлесін үш жыл ішінде 70 пайызға жеткізу міндетін қойдым. Оны шешу үшін әлі айтарлықтай қадамдар жасалған жоқ. Үкімет бұл мәселеге ерекше назар аударуы керек,агроөнеркәсіп кешенінің шикізаттық бағдарынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға көшуі керек», — деді ол.
Ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетіндердің санын айтарлықтай арттыру қажет, егінді әртараптандырып, өнімділікті арттыратын шаруаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет, деп қосты президент.
«Бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін қайта қарау керек деп есептеймін. Өйткені, шын мәнінде бұл жерде шешілмеген мәселелер көп. Басты шарт — бұл әкімшілікті жеңілдетіп қана қоймай, жерді пайдаланудың тиімділігін де ескеруі керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Барлық мемлекеттік қолдау шаралары «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылуы тиіс, мамандандырылған қаржы институттарының қызметтерін біріктірген жөн.
«Аграрлық несие корпорациясының әлеуетін күшейтіп, оған ауыл шаруашылығын субсидиялау бойынша әкімдіктердің функцияларын беру қажет.Ол үшін ауыл шаруашылығы субъектілерін жеңілдетілген несиелендіру және субсидиялау қызметтерін бір цифрлық платформа аясында біріктіру қажет», — Мемлекет басшысы тапсырма берді.